ӘБІЛДА ЖҮРГЕНБАЕВ

ӘБІЛДА ЖҮРГЕНБАЕВ

(1914-1984 жж.)

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Мырзабай ахун ауылында туған.

1938-1948 жылдары Н.Бекежановтың концерттік бригадасының құрамында өнер көрсеткен.

1943-1946 жылдары өткен республикалық ақындар айтысына қатысқан. Жалағаш, Қармақшы, Тереңөзек аудандарында автоклуб меңгерушісі, қызыл отау меңгерушісі қызметтерін атқарған. Ә.Жүргенбаевтан «Көрұғлы» дастанының көне нұсқасы, «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр» эпостарының кейбір нұсқалары жазылып алынған. Халық мұраларын жинауға атсалысып, М,Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына «Байпатша», «Атымтай Жомарт», «Шәкір – Шәкірат», т.б дастандарды тапсырған. Шығармалары «Пернедегі термелер» (1965 ж.), «Айтыс» (1966 ж.), «Ленин деп халық жырлайды» (1969 ж.) жинақтарында жарық көрген.

Оның орындауындағы Сыр өңірінің 23 халық әні, терме, мақам-саздары нотаға түсіріліп, грампластинкаға жазылып алынған. Одан басқа «Беглерім, бір-біріңмен болсаң тату», «Ақыл – тон, аңдағанға тозбайтұғын», «Осы айтқан әңгімемді, ескеріңдер» (Т.Ізтілеуов), «Жүрегім, алып-ұшып  дүрсілдейді», «Зілғараның әні», «Ердің даңқы» (Ә.Оңалбаев), «Майданнан хат» (Н.Жұбатов), «Еске алсам, Қызылорда, кешегіңді» (А.Тоқмағамбетов), т.б. көптеген жыр-термелері сақталған. Жыраудың 10 сағаттық дауысы «Тұран» Халықаралық ғылыми зерттеу орталығының фонотека қорына жазылған.

Ә.Жүргенбаев 1984 жылы Жалағаш ауданының Мәдениет ауылында дүние салды.