ӘУБӘКІР ЕСЖАНОВ
1917 жылы қазіргі Жалағаш ауданы, Таң ауылында дүниеге келген.
1937 жылы әскер қатарына алынып, 1939 жылдың желтоқсан айында елге оралады. Елге оралған соң Қазалыдағы ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп шығады.
1941 жылдың аяғында Қазалы қалалық әскери комиссариаты арқылы майданға аттанады. Гвардиялық құрамдағы әскермен соғысқа кіреді. Старая Русса қаласында жараланып госпитальға түседі.
1944 жылы Ленинград майданында бір ұрыста тағы да жараланып, соғысқа жарамаған соң елге оралады. Елге келгеннен кейін көп жылдар мал шаруашылығы саласында еңбек еткен. «Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Ұсынылып отырған «Інім Бекмырзаға» атты өлең-хаты майдан госпиталінен жазылған.
Әубәкір ақсақал ескі даналық сөздер мен қатар Сыр сүлейлерінің сөздерін жырға қосып, насихаттап өмірден озғанға дейін домбырасын қолынан түсірген жоқ. Әсіресе, Орынбай жыраудың жырларын көп орындады. Жырау ағасы Әбділда Жүргенбаевтың орындауындағы мақамдарды кейінгі ұрпаққа тастап кетті. Отан соғысы кезіндегі жазған хабарсыз кеткен інісі Бекмырзаға арналған өлеңін ұрпақтары әлі орындайды.