СӘНДІБЕК НАҚАЕВ

СӘНДІБЕК НАҚАЕВ

(1922-17.09.1982 жж.)

 

          Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылында туған. Нақаев Сәндібек көп жыл бойы (үзіліссіз) Мақпалкөл, Жаңаталап ауылдарында 1963 жылы Жаңаталап совхозында 1980 жылға дейін байланыс бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

1950 жылдардан бастап халық ауыз әдебиетінің үлгілерін жинаумен айналысып, қисса, дастандарды жырлап, термеші атанды. Жанынан өлең де шығаратын қабілеті болды. Өзінің бабалары Әзілкештің, Құлназар, Найзаұлы Жұбанияздың толғау өлеңдерін білетін. «Шәкей сал мен алты ақын» жырын ұлттық академия қорына жинап өткізушілердің бірі.

           С.Нақаев жөнінде А.Тоқмағамбетов арнау өлең шығарған. Ол туралы Жалағаш аудандық, Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газеттерінде «Айтыстың» II томында (1965 ж.) айтылады. Асқар Тоқмағамбетов «...Мысалы, Сәндібек Нақаев сияқты ағыл-тегіл жырдың қайнар көзін неге ашпаймыз, ол кісі тек жырау ғана емес, әңгімешіл, өткенді көп білетін ашусыз жатқан алтын сандық сияқты адам» деп жазған.

          Сәндібек Нақаев «Сегіз қырлы, бір сырлы» азамат болды. Сөйлеп кетсе шешен, билік айтар би, домбыраны қолына ұстаса жырау, қара сөзді өлеңше айтатын әңгімешіл кісі болатын. Алматыдан келетін ақын-жыраулардың басы ғалым Мардан Бәйділдаев болып Сәкеңе соқпай өтпейтін. Атақты ақын Жамбыл Жабаевтың 125 жылдық тойына қатысып, жыр тербеді.

Елдің ауызбірлігіне, ағайынның тірлігіне қызу араласатын, көпшіл, қайраткер азамат болған.