МЫЛТЫҚБАЙ АҚМЫРЗАЕВ
(1922-2002 жж.)
Қазіргі М.Шәменов ауылында туған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда алғашқылардың қатарында әскерге шақырылады. Алты айлық дайындықтан кейін Ленинград қаласын қоршаудан азат етуге қатысады. Майдан жолдары одан әрі Балтық жағалауындағы елдерді азат етуге белсене ұрыс қимылдарына қатысады. Майдандағы ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз», ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, көптеген жауынгерлік медальдарымен марапатталған.
Майданнан жазған хаттарында ата-анасына, туған жерге деген сағынышы өлең жолдарымен өріліп тұратын. Елге Жеңіспен оралған Мәкең бригада жетекшісі, ферма есепшісі сияқты басшылықта болып соңғы жиырма жылдай бақташы болып еңбек демалысына шыққан.
Жасынан домбыра тартып, ән салуға құмар болды. Талапты жастың өнер әлеміне өрлеуіне әкесі Ақмырза қарсы болды. «Домбыра жүрген жерде періште жүрмейді» деп сенген діндар әке қарсылығы ән салуға біржола бет бұруға жол ашпады. Әке қарсылығына іштей наразы бола жүріп, оңашада ән салып, жыр айтуын өзінше жалғастыра берген Мылтықбай Ақмырзаев соғыстан оралған соң ауыл-аймаққа танымал жырау атанады. Мәкеңнің айтуында көптеген қиссалар, Сыр сүлейлерінің термелері болды. Әсіресе, ол Шоңбай ақынның өлеңдерін халық арасында таратушы болғаны үлкен еңбегі деуге болады. Өз мақамымен айтылатын «Шежіре дастанын» ұзақ түн жырлаған тыңдаушылары ешбір жалықпайтын. Сонымен қатар, Мәкеңнің орындауындағы Н.Жұбатыровтың «Майданнан хат» атты термесі соғыстан соңғы ауыл-аймақтың сүйіп тыңдайтын жыры еді.
Ауыл өнерпаздарының облыстық, аудандық байқауларында жүрделі орындар жеңіп алған. Өзіндік орындау мәнері, өзіндік орындау ерекшеліктері бар.
Мылтықбай Ақмырзаев 2002 жылы қайтыс болды. Көп болмаса да таспаға жазылған соңғы үні-жырлары ұлы Жарылқасынның қолында.