КЕНЖЕҚАРА АЙТЖАНОВ
(1935-1997 жж.)
Қызылорда облысы, Арал ауданында дүниеге келген. Әкесі ерте жасында қайтыс болып, жекжат қуалап Жалағаш ауданына көшіп келеді. Жалағаш қыстағындағы №31 орта мектепке барып, 1953 жылы 10 класты ойдағыдай бітіріп шығады. Алматыда Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсіп, отбасы жағдайына сәйкес оқуды жалғастыра алмай Жалағашқа қайтып келіп, №150 ауыл шаруашылығы механизаторлар училищесіне мастер болып көп жыл еңбек етеді. Кейін аудан орталығындағы қыш зауытында кочегарлық жұмыс істейді. Сол жұмыстан зейнеткерлікке 1995 жылы шығады. Жырау, күйші Кенжеқара Жалағаш қыстағында 1997 жылы дүние салады.
Жыр қорында Балқы Базар, Омар Шораяқ, Нұртуған шайырлардың терме-толғаулары, ескі «Шора батыр» дастаны, жауынгер ақындар Абыт Нұркенұлының, Нұрсұлтан Жұбатовтың толғаулары бар. Күйшілігі де ерекше болатын. Құрманғазы, Тәттімбет, Мырза, Ахмет Жұбановтың күйлерін таза орындайтын.
Аудан, облыс өнер жарыстарының бірнеше дүркін жүлдегері. Училищеде қызмет етіп жүрген кезінде училище оқушылары мен оқытушыларынан құрылған халық оркестр ансамблін ұйымдастырып тыңдаушыларының көңілінен шығып жүрді. Бұл оркестрдің көркемдік жетекшісі осы Кенжеқара Айтжанов еді. Оның орындауындағы «Абытқа хат», «Ілиясқа хат», (А.Нұркенов) «Сөйле десең сөйлейін», (Балқы Базар) «Майданға хат», (Н.Жұбатов) «Сәлем де Жаманақтың балдарына», (Нұртуған) «Әуелі аспанменен жер жараттың», «Өмір өткелдері» (Ш.Омар) атты шығармалар Кенжеқара Айтжанов жыраудың орындауында, белгілі ғалым, фольклорист Б.Жүсіповтың 2007 жылы шығарған «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты антологиясына енген.