ЖЫРАУ ҚИТАРБЕК (Сары) РАХМЕТОВ
(1942-2009 жж.)
Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жамбыл атындағы колхозда дүниеге келген.
Жасынан өлеңге, жырға құмар Қитарбек осы кезден бастап елдегі белгілі жырау Әбділда Жүргенбаевтың соңына еріп, өзінің бала күнгі арманы жыршылық, жыраулықты меңгеруге көп уақыт бөлді.
Бас-аяғы төрт-бес жылда «Сары жырау» болып елге таныла бастады. Колхоздың әрбір түрлі жұмыстарын атқара жүріп, қолына түскен қисса-дастандарды жаттап, айтып жүрді. Оның бір ерекшелігі жадында сақтауы өте күшті болды. Ол кез-келген өзіне таныс емес 20-30 шумақ өлеңді 2-3 рет оқығаннан кейін, табанда қайталап айтып бере алатын еді. Сондықтан да болар, оның жыр қоры өте бай еді. Исаның «Құралай сұлуы», Сәбиттің «Сұлушашы», Көрғұлы, Шәкір-Шакірат, Сыр бойына кең тараған 6 ақынның айтысы, 16 ақынның айтысы, Омармен Қарасақал Ерімбеттің айтысы, Асқар Тоқмағанбетовтың шымшымалары, Қуаныш Баймағанбетовтың толғау-термелері, ақын Сейтжан Бекшентайұлының жазғандары, Тоғжанның гөй-гөйлері т.б. шығармаларды нақышына келтіріп орындайтын. Қазір үнтаспаларға жазылған біршама дауысы сақталған. Белгілі фольклортанушы Б.Жүсіповтың 2007 жылы шыққан «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты музыкалық антологияға Сарының 5-6 терме-толғауы енгізілген. Сауда саласында, Мәдениет саласында, оқу бөлімі саласында еңбек еткен Сары жырау 2009 жылы дүниеден өтті.