АҚҚҰЛОВ ЖҰМАБЕК (1943-2024 жж.)

АҚҚҰЛОВ ЖҰМАБЕК ЖАРЫЛҚАСЫНҰЛЫ

 

Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы, Жамбыл атындағы ауылда 5 мамырда 1943 жылы дүниеге келген. Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Ән және жыр» бөлімін бітіргеннен кейін, еңбек жолын мәдениет саласынан бастайды. «Алтын арай» халық ән-би ансамблінің негізін қалаушылардың бірі болды. Осы ансамбльдің құрамында облыстық байқаудың лауреаты атанып, 1975 жылы оның «халықтық» атағын алуына үлесін қосты.

1979 жылы «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамында Қарақалпақстандағы Қызылорда облысынының мәдениет және өнер күндеріне қатысты.

1981 жылы Мәскеуде өткен халық шығармашылығының Бүкілодақтық көрмесіне қатысып, Қола медальмен оралды. Ол 1955 жылдан бастап осы күнге дейін Сыр сүлейлері шығармаларын насихаттап, зерттеумен келеді. Ел арасында Тасберген жыраудың «Маңырамасын» ерекше шеберлігімен орындауы арқылы танымал.

1840 жылдары жазылған Сайыпназар ахунның «Мұхаммед-Ханафия» дастанын халық ауыз әдебиетінің 100 жылдығына арнап қиссаны өз орындауында ноталық жазбасын күйші Төлепберген Тоқжанмен бірлесе отырып баспаға ұсынды. Өзінің төл шығармалары «Зердесіз жігіт», «Ініме», «Мерекеге» т.б. өлеңдері «Қорқыт әуендері» кітабында жарық көрді. Оның «Қарындасым-қарлығашым», «Сағыныш» атты әндері облыс композиторларының «Сыр әуендері» жинағына енді. Ол Бүкілодақтық, республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты.

1971 жылы «Қазақфильм» киностудиясынан шыққан «Сыр сұлуы» атты фильм концертке түскен. «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамында Болгар Халық Республикасында (1968 ж.), Йемен Халық Демократиялық Респиубликасында, Йемен Араб Республикасында (1986 ж.) және 1981 жылы «Алтын Арай» ансамблінің құрамында халық шығармашылығының Бүкілодақтық көрмесінде (ВДНХ, Мәскеу) өнер сапарларында болды.

1990-2008 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі жыр және музыка» кафедрасында ұстаздық етіп, ұлттық фольклорымызды зерттеп, оны жастарға үйрету жолында еңбек етті. Бүгінде оның шәкірттері Халықаралық «Шабыт», республикалық «Шалқар термесі» өнер байқауларының лауреаттары. Сыр сүлейлерінің жыраулық дәстүрін шетелге насихаттап жүрген білгір маман.

Жыраудың орындауындағы жыр, дастандар 2001, 2003, 2004 жылдары «Қазақстан» ұлттық телеарнасының «Ауылдың алты ауызы», «Сыр сүлейлері» атты бағдарламасына арнайы түсіріліп, жазылып алынды.

2011 жылы жыраудың орындауында Сыр сүлейі Тұрмағамбет Ізтілеуұлының шығармаларының толық нұсқасын Сырдың түрлі мақам-саздарымен орындаған компакт СД дискісі жарық көрсе, осы жыл Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай облыс әкімінің тікелей бастамасымен дайындалған «Қайталанбас дауыстар» Сыр саңлақтарының музыкалық анталогиясына дауысы еніп, терме-әндері басылып шықты.

2011 жылы облыс әкімінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай 20 наминация бойынша жарияланған облыстық «Елім менің» шығармашылық өнер конкурсында жүлделі I орынды иеленіп, «Үздік өнертанушы» атанды. ҚР «Мәдениет қайраткері», мәдениет саласының  ардагері. Жалағаш ауданының құрметті азаматы. ҚР «білім беру ісінің құрметті қызметкері».

2014 жылдан бастап облыстық филармонияда кітапханашы қызметін атқарып келеді.

2004 жылы күйші Төлепберген Тоқжановпен бірге «Аталар аманаты» атты оқулық жазып, жарыққа шығарды.

«Сыр сүлейлері» атты (2010 ж.) жинаққа бір топ өлеңдері бойынша басылды.

2013 жылы Облыстық филармонияның 40 жылдық мерекесіне арналған «Алтын уық, ән орда» атты кітаптың жауапты шығарушысы. 2009 жылы Сыр бойы айтыс ақындарының магниттік таспаға жазылған мәтіндерін жинап «Сырда өткен сөз сайыс» атты шыққан кітаптың редакторы.

2012 жылы Сыр бойының белгілі шайыры Тұрмағамбеттің толық шығармаларын арнаулы аудио оқулық етіп жазып шығарды. Аудио таспаның орындалу уақыты 23 сағат, 5 минут, 09 секунд. Барлығы 408 шығарма қамтылған.

2015 жылы «Бабалар мұрасы» атты Сыр өңірінің тарихында өзіндік орны бар діни ғұлама Сайыпназар Өтенұлының «Мұхаммед-Ханафия» дастаны мен Әбдіқайым Әбсадықұлының, Найман Қожабай Тоқсанбайұлының «Барақ пен Төлен қажы» дастаны, Әбдіқайым Әбсадықұлының «Сайыпназардың Құнанбайға сапары» атты тарихи дастандарын аудио таспаға түсірді. Орындалу уақыты 8 сағат.

2015 жылы «Мәдениеттік майдангерлер» атты энциклопедиялық Ұлы Отан соғысының жеңісіне арналған Жалағаш ауданы мәдениет ауылынан соғысқа кетіп, тірі келген азаматтарына арналған ескерткіш кітапты, інісі-журналист Болат Нұржанов екеуі жарыққа шығарды.

2007 жылы ғалым Берік Жүсіпов пен белгілі меценат Қаһарман Бабағұловтың «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты ән, күй, жыр-терме музыкалық анталогиясында Аққұловтың орындауында 3-4 терме-толғаулары бар.

«ЭКСПО-17» көрмесіне дайындаған Тұрмағамбет шайырдың «Шаһнама» аудио таспасына жазылған  22 жыраудың бірі.

2023 жылдың мамыр айында Қызылорда облыстық филармониясының ұйымдастыруымен жыраудың 80 жылдығына арналған «Ән мен жырдың абызы» атты дәстүрлі орындаушылардың концерті ұйымдастырылды.

Жұмабек Жарылқасынұлы 2024 жылдың 22 қарашасы күні дүниеден озды.