ОМАР СЕЙТПЕНБЕТҰЛЫ
(1917-1991 жж.)
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қатыкөл колхозында туып-өскен.
1942 жылы Омар Ұлы Отан соғысына аттанады. Кейін денсаулығына байланысты Еңбек Армиясының қатарында болған. Кейін Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде қызыл отау меңгерушісі болды. Әрі ақын, әрі термеші Омар Сейтпенбетұлы Қуаныш Баймағанбетов, Рахмет Мәзқожаевтармен үзеңгілес жүріп өлең өрді. Омардың өлеңдерін арнаулар, толғаулар, өмір туралы насихат жырлар деп шартты түрде бөлуге болады. Ақынның Қуаныш Баймағанбетовтен көп үлгі алғаны байқалады. Жалпы ол Сыр сүлейлері шығармаларына бұрынғыша ден қойған. Көп өлеңдері жыр ұйқасына құрылған. Тұрмағамбет шайырға еліктеу де жоқ емес. Ақынның бірқатар жырларына Сырдың сұлу табиғаты арқау болған. Ақынның «Дүние – сағым», «Ұқсастық», «Мүшәйра», «Сөзімде алтын буы бар», «Қарындасқа хат», «Иманның нұры гүлдесін» т.б өлеңдері бар. Жыр қорында Сыр сүлейлерінің шығармалары бар.