НӘСРЕДДИН ӘБИБУЛЛАЕВ

НӘСРЕДДИН ӘБИБУЛЛАЕВ

(1920-1992 жж.)

 

          Қызылорда облысы, Сырдария ауданының Қоғалыкөл елдімекенінде дүниеге келген. Жасында қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Ағасы Сірәжаддин інісіне домбыра әкеліп, «осыны ермек ет» – дейді. Нәсреддин төсекте жатып, домбыра тартып өлең айтады. Нәсреддин төсекте жатырмын деп мойымайды, ағаш ұстап, домбыра жасайды. Ағасы Сірәжаддин қамқорлық көрсетіп, жағдайын жасап, інісіне жыр сөздерін, термелерді, қисса-дастандарды үйретеді. Бала зерек, алғыр болып сөздерді тез жаттап ала береді. Енді ағасы шығыстың «Илиадасы» атанған парсының «Шаһнамасын» алып келіп оқып береді. Ол екі том кітап болатын. Соны Нәсреддин жаттап алады. Домбыраның күші ме, әлде жыр қонған болар жеті жыл төсекте жатқан жігіт орнынан тұрады, үйленіп отбасылы болады. «Жырау Нәсреддин» деген атпен ауыл арасына танымал болды. Енді көрші ауылдар шақырып  құрметтейді, жырау таңды-таңға асырып жыр айтады. «Халық жауы» болып сотталған ағаларының түрмеден келген хаттарын мақамдатып, жырға қосып күні-түні жырлайды.

Дауысында қоңырауы бар Нәсреддиннің жыраулығы өте ерекше, қасиет қонған кісі болған. Ол кісінің салатын мақамдары қазір айтылмай жүр. Нәсреддин «Көрұғлы» қиссасының жарық көрмеген нұсқасын жырлаған.

          1959 жылы Қызылорда қаласына көшіп келіп, әртүрлі қызметтер жасайды.

Жыр қорында «Шаһнама», «Көрұғлы», «Ақбала» т.б жырлар, Тұрмағамбеттің, Омардың, Базардың т.б жыраулардың сөздері болған.