СЕРІК ӨТЕУОВ
(1956-1998 жж.)
Қызылорда облысының Сырдария ауданына қарасты Тартоғай кеңшарында 1956 жылғы 10 наурызда дүниеге келген. Әкесі Өтеу мен анасы Нұрила қатардағы қарапайым колхозшы болды. Орта мектепті бітірген соң өзі туып өскен кеңшарда алғашқы еңбек жолын автокөлік жүргізушісі болып бастаған.
1974-1976 жылдары Сырдария аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі қызметін атқарды. Осы жылдары оның өнері ұшталып, таланты халыққа таныла бастады.
Оның термешілік, жыраулық өнерімен қатар суырып салма ақындығы да болған.
Оның жыр қорында Шораяқтың Омарының «Әбу-Шаһма», Н. Ахметбековтың «Қарға» дастандары болды.
С.Өтеуұлы 1996 жылы Алматы қаласында өткен Халықаралық ІҮ Лорд конференциясына жырау ретінде арнайы шақыртумен қатысты. Ол халық шығармашылығының Бүкілодақтық І және ІІ фестивальдарының лауреаты атанды. Сыр елінің мәдениеті мен өнерінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан жан-жақты өнерпаз Серік Өтеуов 1998 жылдың 28 тамызында дүниеден озды.