МІНӘШ ЫСҚАҚ

 

 

МІНӘШ ЫСҚАҚ

 

1961 жылы Сырдария ауданы Амангелді ауылында дүниеге келген.

 1976 жылы Шымкент музыкалық училищесіне домбыра класы мамандығы бойынша білім алды. 1981 жылы бітіріп, Сырдария ауданының орталығы Тасбөгет кентінің музыка мектебінде «домбыра» сыныбының оқытушысы болып орналасты. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінде, аудандық «Сыр сазы» фольклорлық ансамблінің әншісі, Қызылорда облыстық «Сыр сұлуы» ансамблінің әншісі болып қызмет атқарды.

1986 жылы Йемен Араб Республикасы, Йемен Халық демократиялық Республикасында өнер көрсетті.

1992 жылы тұрмысқа шығуына байланысты Тереңөзек кентінің музыка мектебіне домбыра сыныбының мұғалімі және аудандық мәдениет үйінің мәдени қызметкері болып ауысты. Осы уақытқа дейін аудандық «Құрақтың Досжаны» оркестрінің әншісі, аудандық «Оңаша» ойын-сауық отауының сахнагері, аудандық халық театрының әртісі болып жұмыс атқарып келеді. Осы еңбек жолында аудандық, облыстық, республикалық байқаулардың дипломдарымен және облыстық «Сырдария – жыр дария» өнер фестивалінің төсбелгісімен, облыстық «Наурыз шапағаты» өнер фестивалінің төсбелгісімен марапатталды.

Жыр қорында Әбдікерім Оңалбаевтың «Нағашыма», Кете Жүсіптің «Ер Жігіт», Шал ақынның термелері «Дүние-ай», «Намаз бен Мешіт жетім оқылмаса», Шораяқтың Омары «Әділ іс», Ниятулла Раманқұловтың «Таңқалма» термелері және көптеген халық әндері және қазіргі композиторлардың әндері бар.