ӘБІЛӘШ ӘБУОВ

ӘБІЛӘШ  ӘБУОВ

(1936-1996 жж.)

 

          Шиелі ауданының Бестам ауылында дүниеге келген. Талай ортаны әншілігімен мойындатқан Ә.Әбуов көз көрген, құлақ естігендердің айтуынша мінезі бір сыдырғы ән әуезділігімен астасып жататындай көрінетін сыпайы ғана бір қалыпты жан болған көрінеді. Өзі дәстүрлі әндерді шырқайтын орындаушылардың алдынан арнайы тәлім алмаса да, табиғи дарынымен өзгелерден оқ бойы озық тұратындығын көрсете білген.

Ол, 1953 жылы  аудандық  көркемөнерпаздар  байқауына қатысады. Осы жерде есімі алысқа кеткен ел ағаларының алдында өнер көрсетеді. Осы байқауда  жезтаңдай  әнші,  суырып  салма  ақын  Нартайдың назарына ілініп, батасын алған. Сырдың, Арқаның, Жетісудың ән айту мақамдарын үйреніп, қазақ даласындағы дәстүрлі ән орындаушылардың бірнеше мектебін өз бетімен меңгерген. Жамбыл Жабаевтың «Ұлы Заң», «Тыңда дала, Жамбылды» тәрізді және де басқа өлеңдерін орындағанда тыңдаушылар «Бала Жамбыл» деп атаған.

          Ол  1961-66 жылдарға дейін Ленин ауылында шопан болып, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлдегер атанды.

1966 жылы Қазақстан Комсомолдарының ХІ съезіне делегат болып, концертіне қатысқан.

 1967 жылы «Сыр сұлуы» ансамблімен Алматыда, Мәскеуде болып, Нартайдың «Октябрь – ұлы мейрам, ұлы күн» әнін орындап, ел ықыласына бөленді.

1972 жылы «Сыр сұлуы» фильм концертіне қатысып, Нартай әндерін орындаған.

1975 жылы Қызылордада өткен жеке әншілердің байқауына

қатысып, Бүкілодақтық І дәрежелі дипломмен марапатталды.

1985 жылы «Нартай» әндері атты пластинкасы жарық көрді.

1986 жылы Алматыда өткен Қызылорда мен Орал облыстық ақындар айтысында Нартайдың «Ыбырай Жақаев» атты өлеңімен халықты тамсандырады. Ол өзінің әншілік өнерін ұстаздық жұмыспен қатар алып жүрді.

1994 жылы Алматыда өткен Шиелі мәдениеті Алматыда атты сапармен өнер көрсетіп, ҚР Мәдениет Министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.