РАХМЕТУЛЛА ЖОЛТАЕВ
1974 жылы Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниге келген. Ол Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Халық әні» кафедрасын бітірді.
Рахматулла Нартай мұрасын насихаттаушы әрі шәкірті Арзулла Молжігітовтен дәріс алған.
Ол 1995 жылы Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойына арналған облыстық ақындар айтысына алғаш рет ақын болып қатысып жаңа қырынан танылды. Жыраулық өнердің қыр-сырын меңгеру, шеберлігін шыңдау мақсатында Санкт-Петербург, Алматы қалаларында өткен Халықаралық этно-фолькорлық Лорд конференциясына қатысып өнерін көрсетті.
Шиелі ауданындағы өнер мектебінде шәкірттер тәрбиелей жүріп, облыстық ақындар айтысына, «Наурыз шапағаты» фестиваліне қатысып жүлделі орындарға ие болды.
Жыр қорында Нартайдың әндері мен термелері, Тұрмағамбеттің «Тұтқын қыз» дастандары бар.