Сырдың санаулы саңлақтарының ішінде үні аққу құстың
әуезіне теңеліп, аты аңызға айналған Жаңаберген жырау 1886 жылы /кей деректерде
1883 делінген/. Қызылорда облысы, Арал ауданы, Аманөткел ауылдық советіне
қарасты «Бәйімбет ауылы» атанған Мырзас елдімекенінде дүниеге келген. Өрен
жүйрік Еспембет, Молда Бәйім, Бәйімбет Кенжеғұл күйшіні дүниеге келтірген Мырзастың
киелі топырағы Жаңабергенді де жөргегінде жыр бесігіне бөлеп, табиғатынан дарынды
етті. Жыңғыл атын Мырзастан ерттеп мінген Жаңаберген кейін, дәрпі Сыр бойына
тегіс жайылған «Жыр дүлділі» атанды. Жаңабергеннің өз әкесі Бітімбай арқалы
ақын, ділмар шешен адам болған. Жаңабергенді қаршадайынан ауылдың ас-тойларынан
қалдырмай ертіп жүрген әкесі баласын сөз өнеріне баулумен қатар болашағына жол
ашты. Жасы 14-15 келгенде Жаңаберген әкесі Бітімбай жазған «Қарабек»,
«Наурызбай» қиссаларын екі-үш тәулікке табжылмай жырлайтын жырау дәрежесіне жетті.
Заманында Жансүгір, Жиеней, Қосым жыраулар сияқты Жаңаберген де мақам-саз шығарған
жырау-импровизатор.
Арал ауданында мәдениет орталығына
қарасты Жаңаберген жырау атындағы жыраулар үйірмесі бар. Жетекшісі – Айбек
Тәңірбергенов.