ҚЫЗЫЛБАЙ ЖҰБАТОВ (1902-1983 жж.)

Бәйімбет Нұртуған шайырдың тірісінде көзін көріп, батасын алған жырау шәкірттерінің бірі Жұбатұлы Қызылбай. 1902 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы Құланды ауылсоветіне қарасты Көкарал деген жерде дүниеге келген. Әкесі Жұбат айналасындағы басқа да ағайын-туыстары сияқты Көк теңіздің тамырын тартып, балықшылықты ата кәсібі еткен шаруа адам болған. Руы Жақайым, оның Бәйімбеті.  Жұбаттың балалары Мұқаш, Демеубайлардың ішінде өнерге жақыны Қызылбай екен. Ол бала күнінен бастап ертегі, қисса айтуға машықтанып өседі. Ел арқасында бозбала күндерінің өзінде Алпамыс, Қобыланды жырларын көбіректеу айтатындығының себебінен болса керек, – жеңгелері Қызылбайды «Қараман» деп атап кетеді.

   Бір жылдары ел ішіне келген Соқыр жырау деген кісіге еріп жүріп, Көкарал, Ауан, Апайтөс, Діңгек, Қаражыңғыл, Елеуді аралатқан Қызылбай, Соқыр жыраудың бір қыс жырын тыңдап, жыраудан көптеген тәлім-тәрбие алып қалады. Кетерінде Соқыр жырау Қызылбайға батасын беріп кетеді. Өнерімен елдің алғысына ерте бөленген ол жасы 17-18 жетер-жетпесте бүкіл елге «Қызылбай жырау» атанады.