Әкесі Маханның нағашысы Жансүгір жырау болса, өз нағашысы Сәуел жырау еді. Осындай
кәтекі жыраулардың әсері болды ма, сол кезде Әбілхан «Қозы Көрпеш-Баян сұлу»
жырын жаттап, елге «бала жырау» атанды.
1935-1936 жылдары Арал қаласындағы Б.Рысқұлов мектебінің 5-6 сыныптарында
оқыды. Әбілханның өлең жазуға талпынысы осы кездерден басталады.
Оған бірден-бір себепші осы мектептің қазақ тілі пәнінің қарт мұғалімі
Байтеков болатын. Ол кісі мектептен әдеби үйірме ашып, өленнің қыры мен сырын, ұйқас
түрлерін, ішкі байланысы, өмірдегі алатын орнын түсіндіреді. Әбекеннің жыр
жаттап, өлең жазуға талаптануына осы үйірме үлкен әсерін тигізеді. Осы кезде
аздап өлең жазып, «Ләйлі-Мәжнүн» қиссасын жаттайды.
1937-1941 жылдары Қазалы қаласындағы мал мамандарын даярлайтын техникумында
оқыды. Сабақ орысша жүргендіктен қиял тербеп, өлең жазуына мүмкіндігі болмайды.
Әбілхан Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары
жырларына қоса Твардовский, Есенин өлендерін мүдірмей жатқа оқитын сегіз қырлы,
бір сырлы дарын иесі болған.
1942-1943 жылдары Совет Армиясының қатарына алынып, майдан шебінде болады. Елге
ауыр жарақатпен оралған Әбілхан 1944-1956 жылдары Қазалы қаласындағы бір жылдық
мал шаруашылық мамандарын даярлайтын мектепте оқытушылықтан мектеп басшылығына дейін
көтеріледі.
1976 жылы еңбек демалысына шыққан ақын ендігі бар саналы өмірін Сыр бойының
саңлақ шайырлары Балқы Базар, Омар, Тұрмағамбет, Нұртуған, Қарасақал Ерімбет
секілді киелі шайырлардың нұсқалы сөздерінен өрілген тұнба жарларын жаттап, оның
философиялық терең мағынасын түсініп, ұрпақ бойына сіңіруге жұмсады. Әбілхан
ақын 1991 жылдың қараша айының 3 жұлдызында Арал ауданында дүние салды.