БОЛАТБЕК РСАЛИЕВ

1965 жылдың 22 мамырда Арал ауданына қарасты Райым ауыл советі, Талбөгет мөлтек ауылында дүниеге келген. Руы Кіші жүздің Әлім аталығы, Жаманақ-Жақайым-Бердіңғұл-Келіс-Март-Қарт-Байбол-Қазанбай-Тыныбек-Рсалы, Әбілдадан (Сыражадин шын есімі) Сыраш.

1990-2003 жылдар аралығында Қазалы ауданының мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Қазалы ауданының мәдениет бөліміне қарасты Жәдігер Тұрсынов атындағы халық театрының суретшісі, аудандық кітапхананың суретшісі, аудандық мәдениет үйінің ағаш ұстасы болып және Қазалы ауданының мәдениет саласында  әртүрлі қызметтер атқарған.

2003 жылы Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата атындағы Мемлекеттік гуманитарлық университетінің «Дәстүрлі өнер – жыр» кафедрасын тамамдап шықты.        

2007 жылдан қазіргі уақытқа дейін Қазалы ауданы, Өркендеу ауылдық округі әкімі аппаратының «Өркендеу ауылдық клубы» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының меңгерушісі болып қызмет жасап келеді.

Жыр қорында Нұртуған Кенжеғұлұлы ақынның, Балқы Базардың, Омар Шораяқұлының, Кердері Әубәкірдің, Нұрсұлтан Жұбатовтың, Байназар Өтеповтың, Ібайдулла Қалниязовтың, Кете Жүсіптің терме-толғауларымен қатар батырлар жыры Мұрын жырау нұсқасындағы «Қарасай-Қази» қиссасы, қазалылық ақын Жұмабек Табынбаевтың «Жанқожа батыр» дастаны, Нұрсұлтан Жұбатұлының «Жанқожа батыр» дастаны, Тілеумағамбет шайырдың «Асау Барақ» дастаны, лиро эпостық ғашықтық жырлар «Қыз-Жібек» қиссасы, Балқы Базардың «Айман-Шолпан» дастаны, Нұрқан Ахметбековтың «Қарға» поэмасы, Нұртуған Кенжеғұлұлының «Шұбырынды Ақтабан» дастаны, «Ақ Кете Шернияз» дастаны батырлық жыры «Мәлімнияз Едіге» батыр жырлары бар.

«Ғасырлар үні» байқауы, Бұқарбай батырдың 200 жылдығы, А.Тұяқбаевтың 100 жылдық мерейтойына, Жанқожа батырдың 250 жылдығына арналған жыраулар фестивальдерінің жеңімпазы.