ӨТЕМІСОВ БАЗАР ОҢДАСҰЛЫ (1842-1911жж.)
"Сөйле десең, сөйлейін". Орындаушы Елмұра Жаңабергенова

Бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Көшербай облысы, 6 ауылда дүниеге келген. Қабірі Қызылқұмның Жалпақтау деген жерінде. Ақын кедей шаруаның жанұясында дүниеге келген. Жыраулық өнерді он алты жасынан бастаған. Ата тегі Кіші жүз – Алшын – Қаракесек – Шөмен – Шөмекей – Бозғұл – Қайқы – Балқы – Отарбай – Байсейіт – Қарақұл – Ермек – Оңдас – Өтеміс – одан Базар туады. Аспан аталығындағы Жабағы байдың ұрпағының қойын бағып жүргенінде он алты жасынан бастап Базар жырау атана бастайды. Базар – суырып айтатын дарынды ақын. Ескіше шала сауатты болса да шығармаларын тыңдаушылар бірден бірге жаздырып алып және ауызша да үйреніп таратқан.

1925 жылы Ташкентте шыққан «Терме» жинағында, 1931 жылы С.Сейфуллиннің басшылығымен шыққан «Қазақтың әдебиет нұсқалары» кітабында бірнеше өлеңдері басылып шыққан. Сонымен қатар 1962 жылы «ХҮІІІ – ХІХ ғасырдағы қазақ ақындары», 1965 жылы шыққан «Үш ғасыр жырлайды», 1967 жылы шыққан «Қазақ әдебиетінің қалыптасу кезеңдері» деген кітаптарда көптеген өлеңдері басылды. Терме, толғау, айтыс, көңілқос, хикая, дастандарға өте шебер, озық ақын болған. Кезінде С.Сейфуллин «Базар жырау – Бұхар жыраудан кейінгі толғау алыбы» деп  бағалаған. Ол кітаби ақындар мен сарай ақындарына мүлдем ұқсамайды. Шығармаларының мазмұны мен тақырыбы өмірінің  шындығынан туған. Даңқты жыраудың артында қалған әдеби мұраларын жинап жариялауда Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Ә.Марғұлан, Ә.Қайнарбаев, М.Байділдаевтар көп еңбек етті. Ғалым Ә.Қайнарбаев Базар жыраудың 12 мың жолдан астам шығармалар жинағын Ұлттық Ғылым Академиясын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер  институтына 1978 жылы  тапсырған.

Базардың Нақыпбек, Пірлібек, Нұрлыбек, Әмзе, Бекзада, Күлзада атты ұл-қыздары болған. Олардың жұрағаттары қазір Өзбекстанның Навои облысына қарайтын Канимех, Тамды, Үшқұдық аудандарында тұрады.

 

 

Қызылорда облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 2022 жылдың мамыр айында Алматы қаласы, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында Базар жыраудың 180 жылдығына арналған «Сыр сүлейін сұрасаң...» атты Сыр елі дәстүрлі орындаушыларының жыр кеші өтті.