Бұрынғы Қазалы уезі, Қармақшы ауданы, Жамансыр болысы, №3 ауылда кедей шаруа отбасында туған. Жастайынан өлең-жырға құмар Оңғар өлеңді жазып, үйренерлік сауаты жоқтығына қарамастан жұрттан есіткен мағыналы өлеңді, жырды жаттайды, кейін өзі де өлең шығаратын болады.
Есімі ел аузына ерте іліккен Оңғар Дырқайұлының ауызша айтқан қағытпа әзілдері, бірқақпайлары, қонақ кәде өлеңдері – қазақтың тұрмыстық қарым-қатынастары мәдениетіне тән халықтық діл шынайылығының көрсеткіштері. Бірқақпайларда қазақы қонақжайлылық, меймандостық, жомарттық, өмірдің өткіншілігі айтылады. Оңғардың жұмбақ өлеңдері де халықтың эстетикалық тәлім-тәрбиесі рухымен жырланған. Адамның күнделікті тұрмыс заттары, өмір қозғалысының заңдылықтары, адамдардың өмір жолы, арман тілектері, ұрпақтар жалғасу, көңіл-күй әуендері сан алуан заттар мен құбылыстар жүйелі қамтылған. Бұл – ақын дүниетанымы кеңістігінің, сезім тереңдіктерінің көрсеткіші.
Оңғар өлеңдерінің көпшілігі бірден-бірге ауызша тарап, жазба түрде жинақталып сақталмаған. Толғау, терме, тақпақ, айтыс, көңілқос, сынау, мақтау, жұмбақтарға шебер ақын болған. Ырысты қызбен айтысы, Тобжанға айтқан сын сөзі, Ағытай мен Ысқаққа көңілқосы, Қалданды мақтауы, Жарас туралы шағынуы, той бастар, қонақ кәде, терме, толғау, жұмбақтары бар. Оны кейде «Қаратамыр Дүр Оңғар» – дейді. Осындағы Қаратамыр Кіші жүздегі Шөмекей руынан тарайтын бір аталық. Бұлайша есімі елге танылған адамды туған жерінің немесе шыққан тегінің атымен атау шығыс халқына тән дәстүр.
Оңғар өлеңдерінен 1965 жылы басылып шыққан ақындар айтысының ІІ томында Ырысты қызбен айтысы шықты. Сондай-ақ газет-журналдарда өлеңдерінен, жұмбақтарынан үзінділер жарияланып жүр.
Сыр бойында, әсіресе Қызылорда облысы мен Өзбекстанның Бұхара, Науаи облыстарында Қаратамыр Дүр Оңғардың мұралары кең тараған. Дырқайұлы Оңғардың көкірегінен төгілген маржандай жырларын, құмның арасынан алтын іздегендей тірнектеп жинап, бұл қымбат қазынаның сыры мен сымбатын жұртшылыққа әліміз жеткенше түсіндіру біздің борышты міндетіміз болып қала бермек.
2007 жылы Сыр бойына белгілі меценат қаһарман Бабағұловтың демеушілігімен ғалым Берік Жүсіповтың құрастыруымен «Жамиғы қазақ бір туған» атты жинағы дүниеге келді.