ЖИЕНБАЙ ДҮЗБЕНБЕТҰЛЫ (1864-1929 жж.)
Күнсұлу Түрікпен. Жиенбай Жыраудың термесі

Дүзбенбетұлы Жиенбай 1864 жылы дүниеге келген. Жиенбай жыраудың жырының «иесі» (немесе «киесі») жолбарыс болған екен.

Жиенбайдың анасы Шораяқтың қарындасы. Рүстембектің анасы Даңмұрынның апасы. Жиенбай жырау екі әйел алған. Бірінші әйелі Балшаштан бір қыз туады. Ол қайтыс  болады. Балшаш атақты ақын керейт Даңмұрынның туған апасы екен. Балшаш өзі іздеп  жүріп, Ұлтай Кете руынан Ұлжан деген қызды Жиенбайға екінші  әйел қылып алып береді. Одан Рүстембек, Марқұма, Алқұма, Дастанбек атты екі ұл, екі қыз туады. Марқұмадан Ібан, Аман деген екі ұл өмірге келеді. Аман қайтыс болады. Ібан  Аралбаев  қазір тірі, Жалағаш  ауданы Аққұм  ауылында тұрады.  Өзінің  жыр  мектебі  бар,  жас өспірімдерді  тәрбиелеуде.      

Жиенбай көп сөз жазбаған, өте сауатты болған. «Көрғұлы» дастанын арабша жазып алып келген адам. Көрұғлы 12 саладан  тұрады. Рүстембек жыраудың айтуынша Жиенбайдың шамамен 10-15 мақамы бар. Базар жырау қуғында болған кезде жүрген жерінде Жиенбаймын деп жырлайды екен.

Жиенбай суретке түспеген. Діни наным бойынша адам басына сурет қоймаған. «Суретке түскен адамға енді жан тауып бер деп айтады» – деп қорыққан.

Жиенбай Дүзбенбетұлы қазақ сөз өнері тарихындағы «Сыр  сүлейлері» ақындық мектебін қалыптастырушылардың бірі. Жырау-жыршы, әнші-ақын. Толғау-термелері өзіндік мақам-саздарымен танымал болған. Жүсіп Ешниязұлымен, Тұрымбет Салқынбайұлымен т.б. ақындармен болған айтыс өлеңдері бар. («Айтыс» жинағы, 2 том, 1965ж). Жиенбайдың ақындық, жырау-жыршылық өнер мектебін көптеген ақын-жыраулар жалғастырды. Мысалы, баласы Рүстембек және Нартай, Әлібек, Молдахмет, Орынбай, Тасберген, Мұзарап, Ибаш, Әбділда, немересі Көшеней, Бидас, шөбересі Арнұр т.б.

Жиенбайдың жырау-жыршылық, әнші ақындық өнері дәстүрі атадан балаға, баладан немереге және кейінгі ұрпақтарына үздіксіз жалғасып келеді.

Қызылорда қаласында Жиенбай жырау атында көше бар.

Алты алашқа белгілі Жиенбай жыраудың шөбересі Барбол жыршы.