ТҰРЫМБЕТ САЛҚЫНБАЙҰЛЫ (1868-1946 жж.)

Бұрынғы Қазалы уезі, (Қармақшы ауданы Қызылорда облысы) Жамансыр болысы, №3 ауылда кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Сол өзінің ауылында Бозарқаш колхозында (қазіргі Ақтөбе ауылында) қайтыс болған. Тұрымбет жырау арабша сауатты кісі болған. Шығыс әдебиетінен нәр алып, сусындап өскен ол жастайынан терме, тақпақ, айтыс, толғау, тойбастар, мақтау, сынау сөздер айтуға өте шебер болған. Бұған оның өзінен жасы үлкен Балқы Базар, дүр Оңғар, Даңмұрын секілді халыққа әйгілі ерең жүйріктерге еріп, өлең-жыр, қисса, дастандарды айтуды, ірі айтыстарға қатысуы септігін тигізген.

Тұрымбет Салқынбайұлы он үш жасында Ырғыз өңіріне барып, атақты Алмат бидің ұрпағы, Самырат пен Төремұраттың алдында жыр жырлап, олардан бата алған. Сыр өңірі ақын- жырауларының арасында «Бала жырау» атағы тек қана Тұрымбетке тән болған. Оның өнерін Сыр өңірінің  әйгілі  биі, әділ сөздің хас шебері Пышанның Төребайы жоғары бағалап, үлкен сөз сайыстарына қосып отырған. Бұған Төребай бидің араздасқан екі елді бітістіріп, татуластыру мақсатында үш жырауды Дүр Оңғар мен Жиенбайды және Тұрымбетті шақырып алып, сөз салмағын сарапқа салуы толық дәлел.    

Әрі жырау, әрі ақын Тұрымбет Салқынбайұлының есімі тек  Сыр бойына ғана емес, талай жерлерге мәшһүр болған. Ол туралы «Ақын-жыраулар» (Ғылым, 1979ж) атты кітапта «...Салқынбаев Тұрымбет Сыр бойы, Арқа, Қарақалпақстан, Түркіменстан, Өзбекстан жерін көп аралап, жыр айтқан. «Зинарат қыз», «Әміре Ұрлықа», «Әуезхан», «Ақтам» сияқты көп жыршы-жыраулар біле білмейтін, ұзақ әрі қызық сюжетті қисса, дастандарды ел арасында бірден-бір таратушы жырау. Оның «Талайды таңырқатқан жырау едім» дейтін термесі осыны  аңғартады. Ол жыраулық өнеріне қоса ірі айтыс ақыны. Революциядан бұрын Жиенбай жырау, Кете Жүсіппен, Шөмекей Сәрсенбай жыраудың анасы Шонық ақынмен айтысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында халық ақындарының аудандық, облыстық айтыстарына қатысқан. Ақынның Октябрьге, Ленинге, Ұлы Отан соғысының қаһармандарына, еңбек адамдарына арналған өлең-толғаулары бар. Шығармалары «Пернедегі термелер» (1965ж), «Айтыс» (2 том, 1965ж) кітаптарында, мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған» – деп өмірбаяндық түсініктеме берілген. Тұрымбет Салқынбаевтың өз тұстастарының арасында шоқтығы биік өнер иесі, шырқау дауысты жырау, әрі суырып салма ақын болғандығын дәлелдейтін деректер жеткілікті.

Қызылорда облыстық филармониясының ұйымдастыруымен 2023 жылдың 3 қараша күні Тұрымбет Салқымбайұлының 155 жылдығына арналған «Өлең-сөздің зергері атты» дәстүрлі орындаушылардың концерті өтті