ОРЫНБАЙ ЖЫРАУ ҚАРЫНБАЙҰЛЫ (1880-1931 жж.)

Жалағаш ауданының қазіргі Таң ауылында дүниеге келген. Руы Ақбет керейт, кедей отбасында туған. Алдындағы өткен ақын-жыраулардың айтыстарына қатысып, жырларын тыңдап өскен. Ол келе-келе өзі де өлең шығарып, жыр айтатын дәрежеге көтеріледі. Ешнияз, Жиенбай, Дүр Оңғарлармен жолдас-дос болып, өнерде бірге болып, оларды ұстаз тұтып өседі. Ырғыз, Торғай, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек, Ақмешіт өңірін түгел аралап, көптеген ас, тойларда жыр жырлаған.

Ол 1902 жылы өткен Кете Бекеттің атақты асында Ұлы жүздер қоныстанған Қараөзек өңірінде өткен мәжілістерде жыр тербеп, атақты күйші Құрақтың Досжанымен танысып, аралас-құралас болған.

Орынбай ақын (жырау) ерлікті, әділдікті жырлаған, әділетсіз басшыларды сынап өлең жазған. Кеңестік тәртіптің (кейбірін) орынсыз екенін сынаған. Елдегі белсенділердің көрсетуімен 1931 жылдың 4 қаңтарында кеңес өкіметіне қарсы деп тұтқындап, «үштіктің» шешімімен атылады.

Орынбай ақынның «Сиқырдың сыры» хикаяларымен қатар бірнеше терме, толғаулары болыпты.