Соңында іздейтін ұрпағы қалмағандықтан, біздің зерттеуіміздегі көп
өнерпаздарымыз жайлы мағлұматтар өте аз. Сол секілді Жұматай жыраудың өмір
дерегі жайлы сөз өте жүдеу. Жалғыз баласы Жетпісбай жиырмаға шыққан кезде аяқ
астынан о дүниелік болғаннан кейін жыраудың аты жоғала бастаған. Жұматай жырау
қарындасы Хандаза Әбілда қызының айтуынша Киікші Кетелердің жайлауы Бұқатышқан
деген жерде 1900 жылы дүниеге келген. Жасынан өлең-жырға әуестенген Жұматай Сыр
бойы шайырларының шығармаларын насихаттап, жиын-тойларда өнер көрсетіп, елдің
есінде қалған жырау Қармақшыда, аудан шаруашылықтарында түрлі жұмыстар
атқарған. Жырау 1960 жылдары көз жұмған.
Соңында жырлаған өлеңдері мен дауысы қалмаса да «Кетенің кемеңгерлері» толғауына енгеніне қарағанда Жұматай жырау, жүлделі, сөз қоры көп жырау болғанға ұқсайды.
«Жүлделі жырау Жұматай,
Түбі шыңырау
тұңғиық
Көкірегіне
құдайым,
Қойғандай өзі нұр
құйып...»
Әлиакбар ақын.