МӘНСҮР ҚОНАҚБАЙҰЛЫ БЕКЕЖАНОВ (1875-1931жж.)

Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Бестам ауылдық Кеңесі (осы күнгі Нартай Бекежанов атындағы колхоздың) жерінде дүниеге келген. Ақын Нартай Бекежановтың ағасы. Атадан жастай қалып, анасы Бақтыгүлдің әмеңгершілікпен қосылған Алыпқаштың тәрбиесінде болған. Алыпқашқа қосылғаннан кейін Бақтыгүлден дүниеге Әлтай, Ізекей, Сыздық, Нартай, Ұлдар, Батпагүл, Зәурегүл, Ізекүлдер келеді. Ізекей мен Сыздық өлең құрастырып айтатын кісілер болған. Ал, Нартай елімізге белгілі ақын, әнші болып өткенін оқырмандар жақсы біледі. Мәнсүр ауылдағы молдадан оқып сауатын ашып, Шығыс адебиетінің мол қазынасынан тәлім-тәрбие алған, ел аузында көп тараған қисса-дастандарды көп жаттаған. Мұның өзі оның ой-өрісінің кеңейе түсуіне ықпалын тигізбей қоймаған.

Мәнсүр Шығыс ақындарына еліктеп көлемді, сюжетті шығармалар «Гауһар, Жауһар», «Наушаруан», «Талапты жас», «Әмір Темір көреген» деген дастандарды жатқа айтқан. Мәнсүр шығармаларында Шығыс сюжеті көбірек орын алады.

Олардың этикалық ғибраты аса зор. Мәнсүрдің айтыс өлеңдері де бар. Мысалы: Ақдөмемен айтысы, Сыр ақындарына айтқан аралық сөзі т.с.с. Көлемді шығармалар, дастандар, насихат  жырларын жазған талант иесі. Ол тағдыр толқыны мен жиырмасыншы жылдардың соңында Мақтарал маңына көшіп барып, 1931 жылы Өзбекстанның Наманган қаласында дүние салған.