Нартай Бекежанов 1890 жылы 26 наурызда Қызылорда облысы, Шиелі ауданының Бестам ауылында дүниеге келген. Ақын, әнші, сазгер. ҚазКСР-інің еңбегі сіңірген қайраткері (1939 ж.).
Арғын тайпасы Қаракесек руының Шұбыртпалы бөлімінен шыққан. 10 жасынан ән салып, өлең айта бастайды. 1935 жылы Шиелі қыстағында ашылған балалар үйіне көркем-өнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып орналасады.
Қызылорда облысында алғашқы ұжымдасып концерт қою жұмысы Сырдың ұлы перзенті ел арасына ақын, әнші, жыраулығымен танылған Нартай Бекежановтан бастау алады. Нартай творчествосына үлкен шабыт берген 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі еді. Бұл өнер байқауында Нартай таланты жоғары бағаланып, талғампаз Мәскеу көрермендерінің ыстық ілтипаты мен жылы лебізіне ие болды. Астанадан осылайша қанат байлап елге оралған Нартай Шиелі төңірегіндегі ақын- жыршылар мен әнші-күйшілердің басын құрап, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырды. Кейін осы көркемөнерпаздар үйірмесі ансамбльге, ансамбльден концерттік-эстрадалық бюроға, ақыр соңында облыстық филармонияға айналады.
1938 жылы Қызылорда қаласында Шымкент облыстық драма театрының филиалы есебінде филармония ашылып, оның жанынан эстрадалық концерт бригадасын жасақтау Нартайға жүктеледі. Нартай облыс көлеміндегі ақын, жыршы, әнші, бишілерді жинап, есепке алып, сыннан өткен таланттыларын өз бригадасына қабылдайды. Келе-келе Шымкент қаласының да дүлділдерімен концерттік бригадасының құрамын толықтыра түсті.
Нартай Алыпқашұлы өзінің бригадасымен Өзбекстанның Ташкент, Самарқанд, Бұхара, Қырғызстанның Ош, Джалалабад облыстарын, Қарақалпақстанды аралап өнер көрсетті. Нартай бригадасы Мәскеу қаласында да бірнеше рет концерт беріп талғампаз көрермендерін тәнті еткендері қазақ өнерінің тарихында қалды.