1973 жылы 23 қазанда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Тасбөгет кентінде дүниеге келген. 1995 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогика институтының «Халық әні» кафедрасын бітірген.
2001 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының аспирантурасын тамамдап, «Сыр бойы ақын жыраулары шығармашылығындағы ислам тақырыбы» атты ғылыми диссертациялық еңбек жазған. Оқу-ағарту саласында көптеген еңбектер жасаған.
Ұлжан Байбосынова Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігінің мемлекеттік стандарты бойынша жарық көрген «Музыка» бағдарламасының 1-6 сыныптары аралығындағы оқулықтар мен оқу әдістемелік құралдарының авторы. Сонымен қатар, Сыр елінің жыраулық-жыршылық өнерін Республика көлемінен тыс шет мемлекеттерде де кеңінен насихатталуына зор үлес қосқан шебер талант иесі.
Ол, АҚШ, Франция, Италия, Испания, Швейцария, Бельгия, Люксембург, Голландия, Норвегия және көптеген Шығыс мемлекеттерінде қазақтың жыраулық өнерін дүние жүзі жұртшылығына паш етті.
Жыр қорында Сыр сүлейлері Балқы Базар, Жиенбай, Кете Жүсіп, Шегебай, Қаратамыр дүр Оңғар, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Шораяқтың Омары сынды ақын-жыраулардың шығармалары бар. Сонымен қатар, түркі тектес халықтар арасына кеңінен таралған «Көрұғлы» жырын ұстазы әйгілі текті ұрпақтың мұрагері, жеті атасынан жыраулығы үзілмеген Бидас Рүстембековтен үйренген.
2002-2004 жылдар аралығында Европа мен АҚШ тың музыкалық-опералық театрларында өткен Американың белгілі режиссері Питер Селарстың «Гераклдың балдары» атты драмалық спектаклінде Афина құдайын сомдап спектакльді қазақ жырымен көркемдеген. Немістің белгілі хореографы Пина Боуштың театрымен жеке концерттер берген.
2004 жылы Париждің «Де ля Вилл» театры DVD, 2005 жылы Германияда CD, 2007 жылы Швейцариядан «Bardic Divas» атты DVD, CD дискілері басылып шыққан.
2011 жылы «Сыр сазы» және «Көрұғлы жыры» атты жеке CD дискісі жарық көрген. Ұ.Байбосынова Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында ұстаздық қызмет атқарып шәкірттер тәрбиелеп шығарды. Бұл күнде Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мүзейінің директоры қызметін атқаруда. Республикаға танымал жыршы, филология ғылымдарының кандидаты.